БҚО-да тәуелсіздік жылдары 76 денсаулық сақтау нысаны салынды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, халыққа сапалы қызмет көрсету үшін қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Ауылдық жер үшін жылжымалы кешенге қол жеткізілді.
Денсаулық сақтау саласын дамытуға бөлінген қаржы көлемі анағұрлым өсті. Мәселен, 2000 жылы мұның көлемі 2,6 млрд. теңге болса, өткен жылы 18 млрд. теңгеге жетті. Тегін медициналық көмектің кепілді көмегіне 2010 жылы 14,8 млрд. теңге бөлінді.
Қазіргі таңда өңірде 452 медицина мекемесі жұмыс жасайды. Әр ауданда орталық ауруханалар бар, бүгінде олардың саны 42-ге жетті, бұған 4 аудандық арухана, 14 диспансер, 8 туберкулезге қарсы емдейтін аурухана, бір ауданаралық сауықтыру ауруханасы, екі шипажай кіреді. Амбулаториялық-емдеу мекемелері қатарында бес қалалық емхана, 103 дәрігерлік амбулатория, 24 фельдшерлік-акушерлік пункт және 270 медициналық пунктті айтуға болады.