БҚО-да тәуелсіздік жылдары ауыл шаруашылығы саласында қыруар істер атқарылды - М.Оңғарбеков, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы

ОРАЛ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында тәуелсіздік жылдары ауыл шаруашылығы саласында қыруар істер атқарылды. Өңірдің осы саладағы өзгерістер мен жетістіктері жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбеков былайша әңгімелеп берді.
None
None

-Ақ Жайық өңірінде әуелден мал мен егін шаруашылығы қатар дамыған. Өңірде кезінде таза мал шаруашылығымен айналысқан колхоз-совхоздар көп болды. Бұларда төрт түліктің барлық түрі өсіріліп, олардың еті мен сүті және жүні жоспар бойынша мемлекетке тапсырылып отырды. 1991 жылы облыста 789 мың ірі қара, 2 миллион 363 қой-ешкі және 1 миллион 799 мың құс болды.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңі, әсіресе, ауыл шаруашылығына ауыр тиді. Аласапыран уақытта жаппай жекешелендіру басталып, колхоз-совхоздар түгел тарады. Нәтижесінде өңіріміздегі мал басы мен егін алқабының көлемі едәуір азайып кетті. Бұл жағдай жоғарыдағы көрсеткіштердің күрт төмендеуіне себепші болды. Тәуелсіздік алып, егеменді ел атанғаннан кейін Елбасының нұсқауымен ауыл шаруашылығын дамыту қайта қолға алына бастады. Бүгінде бұрынғы колхоз-совхоздардың орнына жеке шаруа қожалықтары пайда болып, өрісіміз малға қайта тола бастады. Мысалы, бүгінгі таңда облысымыздағы ірі қара саны - 430 мыңды құраса, қой-ешкілер 850 мыңға, құстар 974 мыңға жетті.

Кеңес дәуірінде облыста егін шаруашылығы да басты назарда болды. Егінмен айналысатын ауылдарда 1991 жылға дейін дәнді дақылдар

1 миллион 524 мың гектар жерге отырғызылып, одан 1 миллион 106 тоннаға дейін өнім алынатын. Сол кездері егін алқабының жалпы көлемі 1 миллион 972 мың гектарды құраса, қазіргі таңда оның көлемі - 615 мың гектар. Егін алқабы аумағының азаюын мамандар қоғамдағы қазіргі таңдағы өзгерістермен байланыстырады. Биыл өңірде дәнді дақылдар 394 мың гектар жерге егілді. Сондай-ақ 253 гектарға егілген картоп пен көкөніс тамшылата суару әдісін қолданудың нәтижесінде мол өнім берді.

Ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасын арттырудағы маңызы аса зор. Сол себептен де Елбасымыз аталмыш саланың дамуына ерекше мән беруде. Жақында Астанада өткен республикалық ауыл шаруашылығы форумы біздің осы сөзіміздің дәлеліндей. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен бұл форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарындағы ауыл шаруашылығы саласының қиыншылықтары мен қол жеткізген жетістіктері жайлы егжей-тегжейлі баяндады. Еліміз бойынша биыл 30 миллион тонна астық жиналғанын қуана хабарлаған Елбасы бұның бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш екенін айтып, ел диқандарына ризашылығын білдірді. Содан соң осы көп астықты сақтау, өңдеу, сату ісіне байланысты туындаған түйінді мәселелерге тоқталып, енді егінді тек қажетті көлемде ғана өсіру керек екенін ескертті. Алдағы уақытта мал шаруашылығын дамытуға баса назар аудару қажеттігін жеткізген Елбасы осы форумда ет өнімдерін шетелге шығару арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатынын айтты. Ол сондай-ақ етті қайта өңдеу ісін де жандандыру қажеттігін қаперге салды. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін республика бойынша барлығы 130 миллиард теңге бөлінген. Бұл бағытта елімізде, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында да атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Мысалы, биыл «Сыбаға» бағдарламасы арқылы облыста 831 миллион теңгеге 4800 мал сатып алынды. Алдағы уақытта бұған қосымша тағы мыңнан астам мал басын сатып алу жоспарланған.

Ет өнімдерін өндіруге Зеленов, Тасқала және облысымыздың оңтүстік аудандары әлеуетті. Осыны ескеріп, алдағы уақытта аталған аудандарда мал басын көбейтуге күш салудамыз. Бүгінде облыс көлемінде 200-ге жуық қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Былтыр Зеленов ауданы аймағында іске қосылған «Crown Батыс» мал бордақылау кешенінде жаңа үлгідегі мал сою құрылғысы, өзінің мал азығын дайындайтын (комбикорм) зауыты, салқындатқыш бөлмелері бар. Кешенде 8640 мал бордақыланады. Аталмыш кешен биыл 1450 малды бордақылап, 375 тонна етті көтерме және бөлшек бағамен сауда ұйымдарына салды. Және 62,8 тонна етті Ресейге экспортқа шығарды. 2012 жылдан бастап «Crown Батыс» ЖШС толық қуатында жұмыс жасамақ. Сондай-ақ Щапов ауылында ешкі сүтін өндіретін цех пен 12 мың басқа арналған шошқа кешенінің құрылысы жүруде. Жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың соңына қарай шошқа торайларын өсіретін және шошқа бордақылауға арналған ғимарат құрылысы аяқталуы тиіс. Сондай-ақ 2012 жылы төрт мал бордақылау алаңы салынбақшы және бес жоғарғы репродуктивті мал табынын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Жоспарлаған жұмысымыз толық жүзеге асқан жағдайда, ет өнімдерін экспортқа шығару арқылы облыс экономикасы едәуір көтерілуі тиіс.

Форумда Елбасы ветеринарлық эпизотиялық жағдайға баса назар аударуды қатаң тапсырды. Ол неше түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін және халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында бұрынғы ветеринарлық станциялар мен зертханалар жұмысын жандандыру қажет екенін айтты. Сонымен бірге үлкен жиында ауыл шаруашылығын дамыту үшін кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие беру және аталмыш саланы қажетті техникалармен қамтамасыз ету жағдайы да сөз болды. Алдағы уақытта лизингіге алынатын ауыл шаруашылығы техникаларының бағасын арзандатуға субсидия беру қарастырылмақ.

Облыс тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында өңірде қыруар шаруа атқарылды. Соңғы жылдары аудандарда көптеген жылыжайлар салынып, өсімдік майын шығаратын зауыт пен «Бюллер» технологиясы негізінде жұмыс істейтін астық өңдеу диірмені іске қосылды. Пойма ауылындағы зауыт жылына 7,5 мың тонна май шығаратын қуатқа ие болса, жаңа диірмен бүгінде тәулігіне 150 тонна ұн шығарып, тұрғындарды астықпен толық қамтамасыз етуде. Сондай-ақ Махамбет ауылындағы «Алтын болашақ» шаруа қожалығына қарасты жылыжай кешені жеміс-жидек бағасын тұрақтандыру мақсатында маусымдық кезеңде 150 тонна бау-бақша өнімдерін ішкі нарыққа шығарады. 0,2 га жерге жылына екі рет көкөніс өнімдерін егіп, оны халыққа арзан бағамен ұсынып жүрген бұл жылыжайдың жергілікті тұрғындар үшін пайдасы көп. Былтыр Көшім ауылында мия тамырын өңдейтін зауыт іске қосылды. Жобаны ұйымдастырушы «Licorice Kazakhstan» ЖШС. Мия тамырының өнімдері тамақ дайындауда, дәрі-дәрмек жасауда және парфюмерлік-косметика саласында қолданылады. Өнімдерін Еуропа мен Шығыс Азия елдеріне экспортқа шығаратын зауыттың облыс экономикасына елеулі табыс әкелетіні сөзсіз.

«Биыл дәнді дақылдар бойынша облысымыз әр гектардан 10,4 центнерден өнім алды және 13000 тонна күнбағыс өнімін жинады. Бұл облыс тұрғындарының осы бағыттағы қажетін толық өтейді. Сондай-ақ 1 миллион 400 мың тонна мал азығын дайындадық. Азық-түлік пен жемшөптің молдығы қоянның қысынан қысылмай шығатынымызға кепілдік береді», деп түйіндеді ойын М.Оңғарбеков.

Соңғы жаңалықтар