БҚО-да тәуелсіздіктің 20 жылдығы кеңінен аталып өтілуде

15 желтоқсан күні Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болды. Онда аудан әкімі Рахман Карин өңірдегі жетістіктерді саралап, баяндама жасады. Содан кейін еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан азаматтарға «Қазақстан тәуелсіздігіне - 20 жыл» мерекелік медалі, облыс, аудан әкімінің алғысхаттары тапсырылды. Сондай-ақ әр саланың үздіктері сахна төріне көтеріліп, түрлі аталымдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бөкейордалықтарды мерекемен филолог-ғалым, Алматыдағы «Арыс» қорының директоры Ғарифолла Әнес, ақын Ғайсағали Сейтақ құттықтады.
Бұл тойдағы бір ерекшелік, ел тәуелсіздігінің 20 және Бөкей хандығының 210 жылдығына орай «Арыс» қоры арқылы аудан энциклопедиясының жарық көруі болды.
Салтанатты жиналыс соңы мерекелік концерт пен отшашуға ұласты.
Ел мерейтойына арналған шаралар келесі күні де жалғасты.