БҚО-да Теңіз кен орнынан келген мыңнан астам адам үйден бақылануда

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың брифингте мәлім еткеніндей, Атырау облысындағы Теңіз кен орнынан 20 сәуірден бері өңір тұрғындары қайтарылуда.
Содан бері 2 мыңдай адам келді. Олар сол бойда Ақжайық ауданы мен Орал қаласындағы карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынды.
Солардың ішінде күні бүгінге дейін 43 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Қазіргі кезде Теңіз кен орнынан келген мыңнан астам адам үй карантинінде жатыр.
Батыс Қазақстан облысында коронавируспен барлығы 252 адам ауырса, соның 203-і – шеттен, негізінен Ресейден келгендер. 49-ы – бұрын коронавируспен жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болғандар, соның ішінде 41-і – медицина қызметкерлері.
Бір атап өтетін жайт, күн сайын жазылып шыққандар саны өсіп, 96-ға жетті.
«Облыста індетке қарсы күрес жұмыстары жалғасуда. Облыс тұрғындарынан карантиндік шектеу шараларын сақтауды өтінеміз», деді Н.Мұстаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирустан емделген өзге өңір тұрғындарының елдеріне қайтып жатқанын, коронавирус жұқтырған соңғы бес науқастың Ресейден келгенін жазған болатынбыз.