БҚО-да төрт адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

БҚО ІІД анықтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Максим Сыйқовтың мәлім еткеніндей, медициналық сараптама қорытындысына сәйкес екі жүргізуші де ішімдік ішпеген. Сонымен қатар автокөліктердің техникалық жай-күйі де тексерілді. Жол апатына техниканың сынуы емес, Оралдан Ақсайға кетіп бара жатқан А.Мұқаш деген жүргізушінің автокөлігімен қарсы бетке шығып кетуі себепкер болған. Оған қоса сол жердің ойығы да болмаған. Жүргізуші не қалғып кеткен, не басқа бір нәрсеге алаңдаған сыңайлы. Соның салдарынан өзімен бірге үш бірдей жолаушы көз жұмды. «Экипаж Батыс» ЖШС директорының міндетін атқарушы Т.Құрманғалиевтің және басқа жолаушы тасымалдайтын кәсіпорындардың берген дерегіне қарағанда, А.Мұқаш олардың ешқайсысында жұмыс жасамаған. Ал екінші жүргізуші Т.Мусин «Экипаж Батыс» ЖШС-мен келісімшартқа отырған.
Осылайша, тергеу қорытындысына сәйкес бас күдіктінің өліміне байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Қабылданған шешім жөнінде жәбірленушілерге хабар берілді. Олардың моральдық және материалдық залалды өндіру жөнінде сотқа талап-арыз беруге құқықтары бар.