БҚО-да төрт күнде 1 500-ден астам жол ережесін бұзушылық анықталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 1 116 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 69 адам қаза тапты. 1 750 адам түрлі дене жарақатын алды.

рейд
Фото: СҚО ПД

БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрмахан Жалғасовтың мәлім еткеніндей, республикалық маңызы бар Орал-Ақтөбе автожолы қауіпті аймақ болып қалып отыр.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы кезде Орал-Ақтөбе бағытында 34 жол апатынан 11 адам көз жұмса, 59-ы жарақат алды.

Сондықтан Орал-Ақтөбе жолында жылдамдықты анықтайтын «КиберШериф» және автоматтандырылған жасырын патруль мобильдік кешендерімен қатар ұшқышсыз ұшатын аппарат арқылы патрульдеу күшейтілді.

- Апаттық жағдайды төмендету мақсатында 18-23 қараша аралығында облыс аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Төрт күнде жол ережесін өрескел бұзудың 1 502 дерегі анықталды. Соның ішінде 12-сі автокөлікті мас күйінде жүргізген. 29-ы көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, рульге отырған. 49 жүргізуші жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысқан. Көлік жүргізушілері әрқашан мұқият болып, қасындағы жолаушылардың және басқа да адамдардың өмірі мен денсаулығына жауапты екенін ұмытпауы тиіс, - деді Н.Жалғасов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан 8 адамның көз жұмғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар