БҚО-да төтенше жағдайларға 1,3 млрд теңге қаралып отыр
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Нұржан Шияптың айтуынша, қыста қар аз болды. Топырақ қабатының қату тереңдігі ақпан айының екінші онкүндігінде Тасқала ауданында 53, Шыңғырлауда 130 сантиметрге жетті. Қардың тығыздығы мен биіктігі, су қоры өткен жылғыдан 1,5-2 есеге төмен. Алайда облыстың Деркөл, Шаған сияқты шағын өзендерінде мұз өткен жылғыдан қалың. Сондықтан уақтылы шаралар алынбаса, мұз кептеліп қалуы ықтимал. 26 ақпандағы мәлімет бойынша Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайыққа секундына 20 текше метр (2017 жылы - 25 текше метр) су жіберілуде.
БҚО ТЖ департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің мәлім еткеніндей, өткен жылы төтенше жағдайларға резервте 978 млн теңге қаралса, биыл 1,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Департаментте 3 мыңдай адам жұмылдырылады. Инертті материалдар, жанар-жағар май қоры жеткілікті. Арнайы мұз кесетін аппарат сатып алынды. Мұзды жарғаннан гөрі оны кескен тиімді, экологиялық жағынан да залал келтірмейді. Сондай-ақ өрт сөндіру машиналары, автобаспалдақ, 18 іздеу-құтқару автокөлігі алынды. Резервте шатырлы қалашық бар.
Өңірде 57 гидротехникалық құрылым болса, соның бәрі түгенделіп, жөндеу, қалыпты ұстау бағытында шаралар алынуда.
Республикалық маңызы бар жолдарда су өткізетін 439 тұрба бар. Республикалық жолдарда 37, облыстық жолдарда 54 су өтуі мүмкін жерлер анықталды.
«Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес Орал қаласы ғана емес, Бөрлі, Тасқала, Зеленов және басқа аудандарда көктемгі су тасқынына орай әзірлік жұмыстары атқарылуда. Тоң қалың болғандықтан, еріген қар суы уақтылы кетпей қалу қаупі бар. Сондықтан су жүретін арықтарды тазалау өз алдына, аулалардан қарды күні бұрын шығару қажет. Қала маңындағы саяжайларда тұратындар да сақ болуы тиіс. Өйткені бұлар уақытша құрылыс болып есептелетіндіктен, өтемақы төленбейді. Басқа да қызметтермен біріге отырып, су тасқынын қауіпсіз өткізу үшін барлық шаралар алынатын болады», деді Ж.Жұмашев.