БҚО-да тұмауға шалдыққандар саны 8,9 есе өсті
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы бес айда санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты болды.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткендей, жыл басынан бері топтық аурушаңдық, сондай-ақ тырысқақ, құтыру, оба, күйдіргі, іш сүзегі, қызамық, дифтерия, полиомиелит, серозды менингит, сіреспе және безгек деректері тіркелген жоқ.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 17 жұқпалы ауру бойынша көрсеткіш төмендеген. Соның ішінде бактериалды дизентерия – 2, көкжөтел – 10, менингококк жұқпасы – 2, іріңді менингит – 1, жіті А вирусты гепатиті – 6, жіті В вирусты гепатиті – 5, сарып 8 жағдайға, қызылша – 63,8, коронавирустық инфекция 4,47 есеге азайды.
Сондай-ақ жіті ішек инфекцияларының тобы – 33,28, скарлатина – 16,4, ЖРВИ – 11,34, описторхоз – 22,3, педикулез – 15,19, туберкулез 27,6 пайызға кеміді.
– Сонымен қатар облыста бірқатар жұқпаның өскені байқалды. Эпидемиялық паротит 1 жағдайға көтерілсе, тұмау – 8,9, желшешек 31,14 есеге көбейді. Барлық ауа тамшы жолымен берілетін аурулардың алдын алу үшін сақтық шараларын ұмытпау керек. Ауыра қалған жағдайда адам өзін-өзі емдемей, уақтылы медициналық көмекке жүгініп, дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдау қажет, - деді Н.Мұстаев.
Оның айтуынша, өңірде туберкулездің белсенді түріне шалдыққан 93 науқас тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда, 13,4 болып, өткен жылғы осы кездегіден (135) 31,6 пайызға төмендеген. Балалар арасындағы аурушаңдық (9) өткен жылғы деңгейде қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да киік батып өлген өзен суы ішуге жарамды ма, соны жазған болатынбыз.