БҚО-да тұрғындарға дөрекілік танытқан шенеуніктер жауапқа тартылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы әдеп жөніндегі кеңес отырысында бірнеше мәселе талқыға түсті.
Қызметтік тексеру барысында анықталғанындай, Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылдық округінің әкімі Нұрлан Ғазиев әдеп кодексінің талаптарын бұзған.
Атап айтқанда, ауыл әкімі биылғы 10 мамыр күні ортақ чатта тұрғынға қатысты «Мен сені жұмыссыз қалдырамын. Сенің точкаңды жауып тастаймын» деген хабарлама жіберген.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Нұрлан Ғазиевке ескерту түріндегі тәртіптік шара қолдану қажет деп тапты.
Сол секілді Бөкей ордасы ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Кариннің шілде айында тұрғынға қатысты балағат сөз айтқаны белгілі болды.
Осындай теріс қылыққа жол берген Руслан Каринге қатаң сөгіс беру туралы шешім қабылданды.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысында сондай-ақ БҚО білім басқармасында жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары қаралды.
Білім беру саласындағы басқару процестерін және кадрлық саясатты жетілдіру, ішкі бақылау тетіктерін күшейтіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларды ширату қажеттігі атап өтілді.
Оған қоса департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингі барысында Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талаптарының сақталуына қатысты мәселе анықталды. Атап айтқанда, бөлім басшысының тікелей бағынысында жақын туысының еңбек қызметін жалғастыру дерегі зерделенді. Бұл жағдай бойынша департамент тарапынан қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да автокөлікке масаң күйде отырған ауыл әкімі қызметінен босатылғанын жазған едік.