БҚО-да Ұлттық қордан бөлінген 9,306 млрд. теңгенің 86 пайызы игерілді (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл Ұлттық қордан бөлінген 9 млрд. 306 млн. теңгенің 1 қарашаға дейін 86 пайызы игерілді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев филиалдың саяси кеңесінің бюро отырысында мәлім етті.
None
None

Облыс басшысының сөзіне қарағанда, өңірде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 24 жоба жүзеге асырылып жатса, соның ішінде 9 жоба әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, 14 жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, 1 жоба көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар «Нұрлы жолға» сәйкес қарастырылған демеуқаржыға асыл тұқымды мал шаруашылығы өркендеуде. Осы ретте Ұлттық қордан, соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша берілген қаржының мақсатты да тиімді жұмсалуына «Нұр Отан» партиясы тарапынан бақылауды күшейте түсудің маңызы зор.

Жиында хабарлама жасаған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту бойынша облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әлібек Сәтбаевтың айтуынша, партиялық бақылауға алынған 6 млрд. 116 млн. теңгенің (соның ішінде 5,960 миллиарды Ұлттық қордан берілген) он айда 5 млрд. 565 млн. теңгесі игерілген. Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде Орал-Атырау мен Орал-Саратов күре жолдары аралығында салынып жатқан 9 қабатты үй ғана алаңдаушылық туғызады. Бұған байланысты нысан басында болған кезде мердігерлік ұйым басшысы құрылыстың жыл аяғына дейін тәмамдалатынына сендірді.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевтың мәлім еткеніндей, «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы өңірде бес бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Ұлттық қордан 3 млрд. 342 млн. теңге бөлінсе, соның ішінде 2 762,6 млн. теңгеге 4 көппәтерлік үй (үшеуі Оралда, біреуі Ақсайда) салынуда. 1 қарашаға дейін осы қаржының 85 пайызы (2 млрд. 183 млн. теңге) игерілді. Тек мердігер ұйымның қаржыландыру кестесінен кейін қалуына байланысты Зачагандағы аталған 9 қабатты, 144 пәтерлік үй жобасы бойынша қаржы игерілмеуде. Қаржы мердігер ұйымға мамыр айында бөлінген. Жұмысты жеделдету мақсатында нысанға қосымша мамандар мен арнайы техникалар тартылды, қазан айында құрылыс қалыпқа түсті. Бұған қоса инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мен жайластыруға бөлінген 580,3 млн. теңге толығымен игерілді. Сонымен қатар 200 млн. теңге Шыңғырлау ауданы орталығы Шыңғырлау ауылында «Алтим» құрылыс фирмасы салып жатқан 290 орындық балабақша құрылысына жұмсалды. Жоба құны - 541,2 млн. теңге, нысанды алдағы жылы аяқтау көзделген, енді бұған Ұлттық қордан 279,6 млн. теңге керек.

Бюро отырысында сондай-ақ білім беру мен ғылым, халқы бірлігі бағыттары бойынша «Нұр Отан» партиясы сайлауалды тұғырнамасының орындалуы туралы есептер тыңдалып, басқа да мәселелер қаралды.

Соңғы жаңалықтар