БҚО-да «Ұрлыққа тосқауыл» жобасы жүзеге асырылуда

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш жобаны Бас прокуратура 2016 жылдан қолға алған болатын. Соған сәйкес облыс прокуратурасының бастамасымен ведомствоаралық жоспар да жасалды. Өткен жылға дейін өңірде ұрлық саны үнемі өсіп, үлестік салмағы 50 пайызға дейін жетті. Жоба аясында 2016 жылдың тамызынан бергі мезгілде 140-тан астам бейне бақылау қондырғылары орнатылды. Тағы екі жүзін орнатуға бюджеттен 360 млн. теңге бөлінді. Сексеннен астам үйге домофондар қойылды. Жол-патрульдік қызмет толықтай жасақталды. Күзетілетін 5 автотұрақ ашылды. 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, оған әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар орналастырылды. Мың жарымнан астам мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсетілді.
Осындай жұмыстар нәтижесінде 2016 жылдың қорытындысы бойынша ұрлық 5 пайызға, ай сайынғы тіркелген деректер 200-ге азайды. Көшедегі ұрлық 18, сауда орындарында 40 пайызға қысқарды. Ұрлықтың ашылуы 45-тен 58 пайызға жоғарылады.
Биылғы жыл соңына дейін ұрлық санын 8-10 пайызға төмендету көзделуде.
Облыс орталығында да тиісті шаралар жүргізілуде. Соның нәтижесінде ұрлықтың өсу қарқыны 2016 жылғы 1 қыркүйектегіден биылғы ақпан айының соңында 20,3-тен 8,4 пайызға дейін бәсеңдеді. Ай сайын тіркелетін ұрлық саны орта есеппен 50 қылмысқа азайды.
Биылғы екі айда 772 (өткен жылы осы мерзімде - 843) бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау дерегі тіркеліп, 8,4 пайызға кеміді. Барлық тіркелген ұрлықтың 43,7 пайыздан астамы қоғамдық орындарда (338) және көшелерде (167) жасалған. Талдау барысы көрсеткеніндей, шаһарда жасалған әрбір төртінші ұрлық ұялы телефонды жымқырумен байланысты - 204 (285), бұл өткен жылғыдан 28,4 пайызға төмендеген. Соның ішінде 127-сі (214) қоғамдық орындарда қымқырылған.