БҚО-да үшінші тоқсанда 400-ге жуық оқушыдан коронавирус анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында үшінші тоқсанда 11 қаңтардан бастап 393 оқушыдан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның 226-сы дәстүрлі түрде, 167-сі қашықтан оқиды.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, 11-25 наурыз аралығында қала мен аудандар бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес 8 мектепте 15 сынып, оған қоса Тасқала ауданында 1 мектеп карантинге жабылды.

Жалпы, оқу жылы басталғаннан бері 608 шәкірттен (324-і дәстүрлі түрде, 284-і қашықтан білім алады) індет табылды.

Облыста 1 қаңтар мен 25 наурыз аралығында 5376 адамның ауырғаны тіркелді. Соның ішінде қаңтарда – 1837, ақпанда – 1950, наурызда 1589 адам коронавирус жұқтырды.

Наурыз айында науқастармен қарым-қатынаста болған 3319 адам медициналық бақылауға алынды.

Соңғы аптада (19-25 наурыз) алдыңғы аптамен салыстырғанда, ауру жұқтыру деңгейі 20,8 пайызға (411-ден 519-ға) өскен.

«Осы айда дертке шалдыққандардың 570-і немесе 35,8 пайызы – жұмыс істейтіндер, 423-і немесе 26,6 пайызы – зейнеткерлер, 286-сы немесе 17,9 пайызы – жұмыссыздар, 134-і немесе 8,4 пайызы – оқушылар, 52-сі немесе 3,2 пайызы – медицина қызметкерлері, 45-і немесе 2,8 пайызы – мұғалімдер», деді Н.Мұстаев.

Сондай-ақ наурызда мемлекеттік шекарадан өткен 25032 адамның 5581-і – жолаушылар. Анықтамасыз өткен 621 жолаушының ішінен бір адамнан коронавирус табылды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 12637 жүргізушінің 3264-інде анықтама болған жоқ. Бұлардың үшеуінде індет бар екені белгілі болды.

Өңірде мониторингтік топтар наурызда 442 рейд жүргізіп, 4793 нысанды қамтыды. Үш нысанда бұзушылық анықталды. 18 хаттама толтырылып, 787590 теңге айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 300-ден астам адамның коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар