БҚО-да волонтердің ұйымдастыруымен тағы бір жалғызбасты ана баспаналы болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Жаңақала ауданы орталығында тұратын жалғызбасты ана Жансұлу Садықова үш бөлмелі пәтерге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы қайырымдылық ісін ұйымдастырған Жаңақала ауылының тұрғыны, жас волонтер Мөлдір Хатимуллинаның айтуынша, Ж.Садықова бұған дейін жатақхананың бір бөлмесін жалдап келген екен.

«Қайырымдылық жұмысымен екі жылдан бері айналысып келемін. Кішкентай қызымен пәтер жалдап тұрып жатқан ананың жағдайын көргеннен кейін халықтан көмек сұрап, қаржы жинадым. Үндеуімді қолдаған аудан тұрғындары 450 мың теңге, осы ауылдың 1987 жылғы жастары 200 мың теңге жинап берді. Осылайша жалғызбасты анаға 650 мың теңге тұратын баспана алып бердік. Алдағы уақытта төтенше жағдай бітіп, карантиннен құтылғаннан кейін қайырымдылық қорын ашып, мұндай жұмыстармен дендеп шұғылданғым келеді», деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Хатимуллина.

«Баспанасыз жүру қиын екен. Пәтер жалдаудың оңай еместігін басынан кешкендер біледі. Қашан шығарып жіберер екен деп біреуге жалтаңдап отырасың, одан кетсең, тағы пәтер іздейсің. Қызымның сабақ оқуы да керек. Осы қиындықтан құтқарған Мөлдір сіңіліме, барша тұрғындарға алғысымды айтамын», деді Жансұлу Садықова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да аудандық газеттің бастамасымен жалғызбасты әйелге баспана алынып берілгенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар