БҚО-да заңсыз ауланған 400 келіге жуық балық тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірде «Бекіре — 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында балықты заңсыз тасымалдау дерегі анықталды. Атырау — Орал автожолының 125-шақырымында, Чапаево ауылы маңында полиция қызметкерлері Toyota Estima көлігін тоқтатқан. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
— Тексеру барысында жүргізушінің тиісті рұқсат құжаттарынсыз 397 келі сазан және шортан балықтарын заңсыз тасымалдағаны анықталды. Осы дерек бойынша ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, өңірде аталған іс-шара аясында 31 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға және табиғи ресурстардың заңсыз айналымына қатыспауға шақырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстанда Сарыайдын көлінде балық қырылып қалғанын жазған едік.