БҚО-да заңсыз балық аулаған 20 браконьер ұсталды
БҚО полиция департаментінің бастығы Мақсұтхан Аблазимовтың айтуынша, оқиға Ақжайық ауданы Шабдаржап ауылынан үш шақырым жерде 21 тамыз күні орын алды.
Рейдтік шаралар кезінде сағат 15.30 шамасында Жайық өзенінде заңсыз балық аулаумен айналысқан 20 браконьер қолға түсті.
Оқиға орнына Тайпақ полиция бөлімінің жедел тергеу тобы барып, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерімен бірлесіп 12 қап қара балық, 6 керме ау және 4 қайықты тауып, тәркіледі.
Алайда тергеу шаралары кезінде Шабдаржап ауылы жақтан 30 адам келіп, билік өкілдеріне күш қолданып, жұмыстарына кедергі келтірді.
Соның салдарынан полиция мен табиғат қорғау ведомствосының қызметкерлері жеңіл дәрежеде түрлі жарақат алды.
Оқиға орнына Оралдан арнайы топ та жетті.
«Қазіргі кезде заңсыз балық аулау дерегі бойынша ҚР ҚК 335-бабы 1-бөлігіне (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес сотқа
дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оған қоса ҚР ҚК 380-бабы 3-бөлігіне (билік өкiлiне қатысты күш қолдану) сәйкес тергеу басталды.
Заттай айғақтар алынып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу тікелей менің бақылауымда», деді М.Аблазимов.
Сонымен қатар ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы тексерілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөлік бағанға соғылып, екі адамның мерт болғанын жазған едік.