БҚО-да жансақтау бөлімінде жатқандар саны өсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 53 науқас жансақтау бөлімшесінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, жансақтау бөлімшесінде жатқандар саны соңғы аптада (1-7 шілдеде орта есеппен 44 емделуші) алдыңғымен (24-30 маусым, 39) салыстырғанда 11,4 пайызға көбейді.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, бұлардың үшеуі – 50-ге дейінгілер, 10-ы – 50-60, 33-і – 60-80 жас аралығындағылар, жетеуі – сексеннен асқандар.

Жансақтау бөлімшесінде жатқандардың 57 пайызында (43-інде) созылмалы дерттері бар. Соның ішінде 28-і жүрек-қан тамырлары аурулары, 15-і қант диабетіне шалдыққан.

Жыл басынан бері облыста 246 адам коронавирустан көз жұмса, соның 72 пайызы (175-і) – 65-тен асқандар, 27 пайызы (66-сы) – 40-65 жас аралығындағылар, 1 пайызы (5) – 40-қа дейінгілер.

Көз жұмғандардың 90 пайызында (221) созылмалы дерттері болған.

«Вирустың мутацияланып, ковидтің жаңа штамдарының пайда болуына байланысты инфекциялық стационарлар мен жансақтау бөлімшелеріне түсіп жатқан науқастар көбеюде. Олардың созылмалы дерттерінің болуы да жағдайды қиындатып отыр. Сондықтан тұрғындарға өздерін және жақын туыстарын індеттен қорғау үшін карантиндік шараларды қатаң сақтау керектігін еске саламыз», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 41 пайызға өскенін, осыған байланысты қосымша шектеу шараларын енгізу ұсынылғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар