БҚО-да жасөспірімдер 2800-ден астам құқық бұзушылық жасаған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 27-29 шілде аралығында «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.

БҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Ибрайымовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, іс-шараның мақсаты – балалардың түнгі уақытта ата-анасыз немесе заңды өкілдерінсіз жүруін бақылауды күшейту және жасөспірімдер арасындағы құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу.
Олжас Әзімбекұлының сөзіне қарағанда, кәмелетке толмағандардың сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болуына және сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін тұрғынжайлардан тыс жерлерде заңды өкілсіз жүруіне қатаң тыйым салынады.
- Жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күні барлығы 113 әкімшілік хаттама толтырылды. Соның ішінде 103 жеткіншектің түнгі сағат 23.00-ден кейін тұрғынжайлардан тыс жерлерде жүргені белгілі болды, - деді О.Ибрайымов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері жасөспірімдердің 2 814 әкімшілік құқық бұзушылыққа барғаны анықталды. Соның ішінде 1 525-і ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін) қатысты. Сондай-ақ 127-бап бойынша (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау) 296 дерек тіркелді.
- Кейбір жасөспірімнің өзімен бірге пышақ немесе кастет сияқты тыйым салынған заттарды алып жүретінін еске салғым келеді. Бұл ҚР ҚК 287-бабына (суық қаруды заңсыз алып жүру) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны артты. Негізгі себептер – белгіленбеген жерден жолды кесіп өту және автокөлікте балаларды тасымалдау ережелерін елемеу. Балаларды автокөлікте арнайы жасына және салмағына сай автокреслолармен ғана тасымалдау қажет, - деді департаменттің басқарма бастығы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының неліктен жиілеп отырғанын жазған едік.