БҚО-да Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Жайық өзенінің Орал қаласына қарасты Круглоозерный кенті тұсындағы жағалауын бекіту жұмыстары жалғасады.

Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласының тұсында 424 сантиметрге жетті
Фото: Ғайсағали Сейтақ

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашевтің мәлім еткеніндей, аталған учаскенің толығымен шайылып, өзен арнасының өзгеруіне жол бермеу мақсатында қолға алынған жобаны «Павлодар өзен порты» АҚ жүзеге асырып жатыр. 

Марат Төлеғалиұлының сөзіне қарағанда, жобаның жалпы құны – 7,4 млрд теңге. 2024-2025 жылдары 4,7 млрд теңге бөлінсе, биыл республикалық бюджеттен 2,677 млрд теңге қаралып отыр.

- Тағы бір маңызды жоба – Жайық-Шалқар каналы реконструкцияланып жатыр. Мұның құны – 4,7 млрд теңге. 2024-2025 жылдары бұл мақсатқа 1,976 млрд теңге жұмсалған еді. Биыл республикалық бюджет есебінен 1,587 млрд теңге қарастырылды, - деді М.Молдашев.

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысы аумағында 50 гидротехникалық құрылыс болса, соның ішінде 39 су қоймасы (14-і «Қазсушар» Батыс Қазақстан филиалы, 25-і жергілікті атқарушы және коммуналдық меншікте), 4 гидроторап пен 1 бөгет («Қазсушар»), 6 тоған (үшеуі – коммуналдық, жартысы – жеке) бар.

Коммуналдық меншіктегі 28 гидротехникалық 20-сы қанағаттанғысыз күйде қалып отыр.

Қазіргі уақытта 11 нысан бойынша қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 2025 жылы Ақжайық ауданында Солянка өзеніндегі Ақжайық су қоймасын қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданында Мұратсай су қоймасының ЖСҚ-сына сараптама жасалады.

- Теректі ауданында 9 су қоймасы бойынша 431,722 млн теңгеге ЖСҚ әзірленген және дайындалып жатыр. Жобалаушылар – «Уралводпроект» ЖШС және «Тека проект» ЖШС. Оған қоса биыл тағы 8 нысанды қайта жаңғыртуға ЖСҚ дайындау көзделіп отыр. Сонымен қатар 2025 жылы 9 гидротехникалық құрылымды көпфакторлы зерттеу үшін 102,270 млн теңге жұмсалды. Биыл тағы алты құрылымды тексеруге 53,014 млн теңге кетпек, - деп қосты М.Молдашев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының жағдайы қалай екендігі туралы жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да 90 елді мекенде су қорғау аумақтарының шекарасы белгіленеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум