БҚО-да жайылымдық жер сот шешімімен ауыл тұрғындарына қайтарылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Переметный ауылдық округіне қарасты Болашақ ауылындағы жер дауына байланысты сот шешімі шықты.

Аталмыш ауыл тұрғыны Нұрмұханбет Даулиевтің мәлім еткеніндей, елді мекеннен 4 шақырымдай жердегі көлдің жағасында ұзынабойына орналасқан 217 гектар жайылымдық жер 2017 жылы жеке адамға жалға берілген. Ол кісі 2022 жылы жерді «Аграрлық қызметі» ЖШС-ға сатып жіберген.

— Жердің жекеге беріліп кеткенін естігенімізбен, өткен жылға дейін қысым көргеніміз жоқ. Өткен жылы бұл шаруа қожалығының жері деп малымызды жайдырмағандықтан, әділет іздедік. Бұдан басқа мал жайылатын жер жоқ. Ауыл және аудан әкімдіктеріне өтініш жасағанымызбен, одан нәтиже болмады. Тек Орал қаласындағы заңгер Бауыржан Ахметжанға жолыққаннан кейін ісіміз оңға басты, — дейді Н.Даулиев.
БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжан ауыл тұрғындарының 2024 жылы өзіне мал жайылымының жекеге негізсіз берілгенін айтып, арызбен жүгінгенін растады. Мұның себебі — көлемі 217 га жер учаскесі ауылдың жерінде жатыр. Жер шекарасы үлкен көлге тиіп тұр, соның кесірінен малды су ішуге де өткізбейді.
Оның нақтылауынша, Досым Каримов 2017 жылы аталмыш жерді 10 жылға жалға алған. Содан кейін 2022 жылы «Аграрлық қызметі» ЖШС-ға сатып жіберген.
— Бәйтерек ауданының прокуроры Алмас Меңлібаев пен БҚО жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Берік Есенғалиев біріге отырып, арызды тексеріп, заң бұзылғандығын анықтады. Жер кодексінің 26-бабы мен «Жайылымдар туралы» Заңының 13-бабына сәйкес халықтың қажетіне пайдаланылатын жайылымдар жеке меншікке берілмейді. Тек ауылдың малын жаю үшін халық мұқтажына ғана пайдаланылады. Өткен жылы аталмыш серіктестік қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіреміз деп, жайылымнан қора мен үй де салған. Департамент заңсыз шарттарды бұзу туралы сотқа талап арыз берді. Істі қараған БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Асиля Биссалиева әділ шешім шығарды, — дейді Б.Ахметжан.

БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының биылғы 22 шілдедегі шешімімен Бәйтерек аудандық жер қатынастары бөлімі мен Досым Каримовтың арасындағы 2017 жылғы 5 маусымдағы, сондай-ақ аталмыш бөлім мен «Аграрлық қызметі» ЖШС-мен 2022 жылғы 19 қазандағы жер учаскесін жалға алу типтік келісімшарттары жарамсыз деп танылды. Д. Каримовтың «Аграрлық қызметі» ЖШС-мен 2022 жылғы 18 қазандағы сатып алу-сату келісімшарты да бұзылды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда карьерлер заңды пайдаланылып отыр ма деген сауалға жауап іздеп көргенбіз.