БҚО-да жемқорлық қылмысы туралы хабарлаған 10 адам миллион теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды

Ведомство ақпаратынша, ағымдағы жылдың 8 айында азаматтардың хабарлауы арқылы құқық қорғау органдары 18 қылмыстың бетін ашты. Оның ішінде 12 ауыр, 5 орташа және 1 аса ауыр емес қылмыстар бар. Барлық істер сотқа жолданып, олар бойынша сот үкімдері шықты.
«Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың орын алуы туралы хабарлаған және тергеу органдарына көмектескен 10 тұлға 1 111 200 теңге сома көлеміндегі ақшалай сыйақымен марапатталды», - делінген прокуратура хабарламасында.
Еске сала кету керек, заңнамаға сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлағандарға сыйақы қарастырылған. Осылайша аса ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстардың бетін ашуға жәрдемдескендерге 40 АЕК, орташа бойынша - 50 АЕК, ауыр қылмыстар туралы хабарлағандар 70 АЕК көлеміндегі сыйақыға қол жеткізеді.
1 АЕК - 1852 (2014 жылғы 1 қаңтардан).