23:22, 04 Қаңтар 2016 | GMT +5
БҚО-да жергілікті үлесті дамыту бағытында 44,9 млрд. теңгені құрайтын 39 меморандумға қол қойылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2015 жылы жергілікті үлесті дамыту бағытында БҚО әкімдігі, ұлттық компаниялар, сондай-ақ ірі жер қойнауын пайдаланушылар мен өнеркәсіп кәсіпорындары арасында 44,9 млрд. теңгеге ынтымақтастық жөніндегі 39 меморандумға қол қойылды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзіне қарағанда, осы меморандумдар аясында 26,6 млрд. теңгеге 198 келісімшарт жасалды.
Өткен жылғы он бір айда 1121,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл алдыңғы жылғыдан 5,5 пайызға кем. Соның ішінде кен өндіру өнеркәсібіндегі өнім көлемі 995,4 млрд. теңгені (94,5 пайыз) құрады. Бұл газ конденсатын өндірудің 2,3, мұнайдың 18,4 пайызға азаюына байланысты болып отыр.
Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерді (РФ, Беларусь, Армения, Қырғызстан) қосқанда, сыртқы сауда айналымы өткен жылғы қаңтар-қазанда 5,2 млрд. АҚШ долларын құраса, соның 4,4 млрд. доллары - экспорт, 0,8 миллиарды - импорт. Сыртқы сауда сальдосы 3,6 млрд. доллар көлемінде оң қалыптасты.