БҚО-да жоғалған екі тұрғын іздестірілуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Үркіш қыстағынан шығып, жоғалып кеткен екі адам іздестірілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО-да жоғалған екі тұрғын іздестірілуде

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы міндетін уақытша атқарушы Ермұхан Жұмағалиевтің сөзіне қарағанда, бұл туралы дерек 15 ақпан күні таңғы сағат 09.30 шамасында түскен. Жоғалған екі тұрғынның бірі ер, екіншісі әйел адам. Екеуі де - аудан орталығынан 14 шақырым жерде орналасқан Үркіш қыстағындағы «Әлия» шаруа қожалығының жұмысшылары. Екеуі 14 ақпан күні таңғы сағат 09.00 шамасында аудан орталығына барып келеміз деп шығып кеткен. Қожалық басшысына ескертпеген.

Бүгін жоғалып кеткен адамдарды табу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімінен екі іздестіру тобы құрылды. Екі «Нива» аутокөлігі, оған қоса ауа райының қолайсыздығына байланысты «Әлия» шаруа қожалығының тракторы тартылды. Оның сыртында іздестіру тобына бір трактор, бір «УАЗ» автокөлігі қосылды. Іздестіру тобы құрамында аудандық ішкі істер бөлімі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, еріктілер бар.

Айта кетейік, кеше  БҚО ТЖ департаменті өңірде 15 ақпан күні жел күшейіп, бұрқасын көтерілетіні жөнінде ескерткен болатын. Қазір ауданда күн бұрқасындатып тұр.