БҚО-да жол апатында жолаушы қаза тапты: жүргізуші сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Сырым аудандық сотында жол апаты салдарынан адам қаза болып, жол-көлік апатына қатысы бар жүргізушіге қатысты үкім шықты.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жеңіл көлік айдап келе жатқан жүргізуші жүк көлігімен соқтығысқан.
Салдарынан жеңіл автокөлікте отырған жолаушы көз жұмған.
- Сот сотталушының кінәсін толық мойындағанын, бірінші рет абайсызда қылмыс жасағанын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жай ретінде ескерді. Сот үкімі бойынша аталған тұрғын ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сонымен қатар ол 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО әкімдігінің бұрынғы қызметкері қамауға алынғанын жазған едік.