13:22, 10 Қазан 2016 | GMT +5
БҚО-да жол апатынан бір адам қаза тауып, төртеуі ауыр жарақат алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 8 қазан күні сағат 16.00 шамасында Орал-Атырау жолының 103-шақырымында, Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ және Самал ауылдарының аралығында бірнеше автокөлік соқтығысты.

Ақжайық аудандық ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция инспекторы Эльдар Манашевтің сөзіне қарағанда, «Ауди» автокөлігінің жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, «Рено-Сандеро» және оның артында келе жатқан «ВАЗ-2114» автокөлігімен соқтығысуға жол берген.
Жол апаты салдарынан «Рено-Сандеро» автокөлігінде отырған жолаушы әйел, Орал қаласының 1964 жылғы М. деген тұрғыны Чапаев ауылындағы аудандық ауруханада көз жұмды. «Рено-Сандеро» көлігінің өзі өртеніп кеткен.
Ауыр жарақат алған үш адам санавиациямен, біреуі реанимобильмен облыстық ауруханаға жеткізілген.
Облыстық аурухана директоры Ерлан Тоқсановтың айтуынша, қазір екеуі жансақтау бөлімінде жатса, тағы екеуі бөлімшеде емделуде.