БҚО-да жол апатынан қаза болғандарды еске алды

ОРАЛ. 21 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батысқазақстандық жол полицейлері жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күніне орай бірнеше шара ұйымдастырды.
None
None

БҚО ІІД жол полициясы басқармасы баспасөз қызметінен хабарлағанындай, жол полициясы қызметкерлері мен сала ардагерлері алдымен жол апатынан қаза болған әріптестерінің отбасында болды. Жол полициясы ардагерлері кеңесінің төрағасы Мақсот Қазтуғановтың сөзіне қарағанда, қаза тапқандарды еске алып, олардың отбасына қолдан келгенше сүйеу болу - ортақ борыш. Сондықтан М.Қазтуғанов бастаған ардагерлер мен батальон командирінің тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Ержан Исахан Жазықбаев, Пашенко, Клинков, Семенов, Шапошников және Исағалиевтер отбасында болып, қолұшын созды.

Жол полицейлері сондай-ақ Орал қаласында «Қара толқын» шарасын өткізді. Жол полициясы басқармасы ғимаратынан бастау алған автоколонна қаланың орталық көшелерімен жүріп, халық топталған жерлерге аялдады. Сол мезгілде жол қозғалысы ережесін сақтау, жүргізуші мәдениетін көтеру қажеттігі туралы айтылды. Жеңіс алаңында жүздеген ақ және қара шарлар аспанға ұшырылды. Содан кейін колонна Орал-Атырау жолының 25-шақырымына, Подстепный-Федоров жолының 22-шақырымына қарай бет алып, аса қауіпті жерлерге қойылған ескерткіш белгі, билбордтарға назар аударылды.

Жол апаттары құрбандарын еске алу күніне орай батысқазақстандық жол полицейлері жүргізушілерге жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы қағаздар үлестіріп, автомобильдерге ақ ленталар байлады.

Соңғы жаңалықтар