07:47, 16 Қараша 2011 | GMT +5
БҚО-да жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында шаралар ұйымдастырылуда
ОРАЛ. 16 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында шаралар ұйымдастырылуда.
Облыстық жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мектепке дейінгі мекемелер тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналары арасында «Анық болып көрін» атты байқау өткізілді. Байқау шартына сәйкес аналар балаларына жол бойында жүргізушілердің көзіне анық болып көрінуі үшін сыртқы киім тігуі тиіс. Сайысқа «Ертегі» балабақшасының елу шақты бүлдіршіні қатысты. Байқау қорытындысында Шахназ Тілепқалиева, Кирилл Твердоступ, Арайлым Жұмағалиевалар жүлдегер атанды.
Өңірде биылғы он айда балалардың қатысуымен 36 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан бесеуі қаза тапса, 35-і түрлі жарақат алған. 15 оқиға балалар кінәсінен болған, соның басым көпшілігі олардың өтуге болмайтын жерлермен жүруіне байланысты.