БҚО-да жолаушы тасымалдауда әлеуметтік маңызы бар бағыттарға қаржылай қолдау көрсетілуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жолаушы тасымалдауда әлеуметтік маңызы бар бағыттарға қаржылай қолдау көрсетілуде. Бұл туралы БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Меңеев мәлім етті.

 

Оның айтуынша, жолаушылар тасымалы саласында Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында Қазақстан Республикасының көлік инфрақұрылымы жүйесін  дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі  мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға дейін облыс аудандарында 2 автостанция, 7 жолаушыларға қызмет көрсету пунктін салу көзделген. Осы бағдарлама аясында  2014 жылы Тасқала ауданы Тасқала кентінде «Жұбанышалиев С.Ғ.» ЖК автостанциясы  іске қосылды.  Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында 2016 жылы автостанция салу жоспарланған еді. Бұл нысан мерзімінен бұрын  салынып, 2015 жылы «АксайСтройСервис и К» ЖШС автостанциясы ашылды.            

Күні бүгін  облыста 5 халықаралық (Самара,  Орынбор, Тольятти, Саратов, Бузулук бағытында), 2 облысаралық (Атырау, Ақтөбе бағытында), 35 қалалық, 41 облысішілік,  23 ауданішілік  тұрақты автобус маршруттары жұмыс жасайды. Тұрақты автобус маршруттарында 13 тасымалдаушы-кәсіпорын  қызмет көрсетеді. Соның ішінде «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС, «УралТехСервис» ЖШС, «№1 жолаушылар автокөлік мекемесі» ЖШС, «Қазақстан Елім» ЖШС, «Жібек-жолы» ЖК және басқаларын айтуға болады.

Орал қаласын  аудан орталығымен байланыстыратын 41 облысішілік маршруты бар. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен 2016 жылға 12 маршрут  әлеуметтік маңызы бар деп танылды, бұлар - негізінен аудан орталықтарына баратын автобус маршруттары. Сонымен қатар  2013 жылдан бері облыстық бюджеттен тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау үшін қаржы бөлініп келеді және жыл сайын оның көлемі өсуде. Облыстағы әлеуметтік мәні бар маршруттар бойынша тұрақты жолаушылар тасымалдау тарифі 1 километр  үшін 4,0 теңге мөлшерінде  белгіленді. Аталған шара, біріншіден, жалпы пайдаланымдағы  көлік  қызметіне  тұрғындардың аз  қамтылған тобының  қолжетімділігін  әлеуметтік жағынан  шешуге, екіншіден, жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, үшіншіден, тасымалдаушыларды экономикалық жағынан ынталандырып,  қызмет көрсететін  маршруттар  санының   көбеюіне  мүмкіндік береді. Осы шараның көмегімен жолақы құнын  бір деңгейде ұстап отыруға қол жеткізілді. Мысалы, «Тайпақ - Орал» маршрутының ұзындығы 294 км, жолақы құны - 1176 теңге.  Егер субсидиялау жүргізілмесе, жолақы құны километріне шамамен 7 теңге болып, жолақы құны 2058 теңге шамасында болар еді, яғни қазір 1000 теңгеге арзан.              

2015 жылы әлеуметтік маңызы бар автобус маршруттарын субсидиялау үшін облыстық бюджеттен 40,0 млн. теңге жұмсалды. 6 маршрут субсидияланды, олар: «Тайпақ - Орал», «Жаңақала - Орал», «Жәнібек - Орал», «Қаратөбе - Орал», «Қазталов - Орал», «Шыңғырлау - Орал». 2013-2015 жылдардағы жұмыс қорытындысы  әлеуметтік мәні бар автобус маршруттарында  километріне тарифтің 4,0 теңге болуы  облыс тұрғындарының аз қамтылған  тобы  үшін қолжетімді  және  оңтайлы  екенін көрсетті, сондай-ақ тасымалдаушыларды субсидиялау такси жолақысының құнын көтермеуге әсерін тигізді, яғни такси тасымалдаушылары бағаны түсіруге мәжбүр болды. 2016 жылы да  тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау жүргізілуде.

Автобус парктерін жаңарту да - өзекті мәселе. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастырудың үлгі шартына енгізілген өзгерістерге сәйкес тасымалдаушы екі жылдан аспайтын уақыт өткен соң маршрутта пайдаланылатын автобустарды, шағын автобустарды жаңартуға міндетті. Егер автобустар мен шағын автобустар сатып алынып, жаңартылса, шарттың қолданылуы 10 жылға дейін ұзартылады. Бұл мемлекеттік қолдау тасымалдаушылардың жұмыстарын тұрақты түрде алаңсыз жүргізуіне септігін тигізеді.

Қазіргі экономикалық дағдарысқа қарамастан, облыстағы тасымалдаушы кәсіпорындар мемлекеттік қолдауларды пайдалана отырып, жаңа автобустар сатып алып жатыр. Мысалы, биыл «Қазақстан Елім» ЖШС жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған  Қытай Халық Республикасында құрастырылған жаңа заманауи автобусты  сатып алып, жолаушыларға қызмет көрсетуде. Көптен бері қызмет көрсететін «Формус-авто» ЖШС, «Жібек жолы» ЖК де  парктерін жаңа автобустармен, шағын автобустармен жаңалауда.

Облыста сондай-ақ темір жол көлігімен жолаушылар тасымалдау жүргізіліп келеді. Біздің облыс арқылы  Астана - Киев, Алматы - Мәскеу, Ташкент - Саратов  халықаралық жолаушылар пойыздары, облысаралық қатынастағы Орал - Астана - Орал, Орал - Алматы - Орал, Орал  - Ақтөбе - Орал және Орал - Озинки, Орал - Шыңғырлау екі ауданаралық пойызы  өтеді. Облыстық бюджеттен әлеуметтік маңызы бар «Орал - Озинки» және «Орал - Шыңғырлау» ауданаралық пойыздарында тасымалдауды субсидиялау үшін 2015 жылы бюджеттен 120,0 млн. теңге қаржы жұмсалды. Биыл да бюджеттен субсидиялануда.

«Әуе тасымалына ауыссақ, 2014-2015 жылдары республикалық бюджет есебінен Орал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, келу жолын және перронды қайта жаңғырту жобасы іске асырылды.  2015 жылы Орал қаласы арқылы  Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларының бағытында ұшулар жалғасты. «Эйр Астана» және «Бек Эйр» әуе компанияларымен   Ембрайер Е-190, Аэрбас А-320 және  Фоккер-100 әуе кемелері арқылы жолаушылар тасымалдануда.

Басқарма ақпан айында Орал қаласынан қандай бағыттарда жаңа маршруттар ашылатыны жөнінде ақпарат беруді сұрап, министрлікке хат жолдаған болатын. Азаматтық авиация комитеті өз кезегінде қазақстандық әуе компанияларына Оралдан Атырау, Ақтау, Шымкент, Мәскеу, Самара және басқа шетел қалаларына тұрақты әуе қатынасын ашуға ниеті туралы ақпарат беруге сұраныс жолдаған. Комитеттен келген  жауапқа сүйенсек, «Air Astana» әуе компаниясының мәлімдеуінше, таяу мерзімде аталған бағыттар бойынша тікелей рейстерді ашу жоспарланып отырған жоқ, дегенмен Оралдан Шымкентке түйіспелі рейстер ұйымдастырылмақ. «Qazaq Air» әуе компаниясы аталмыш рейстердің тиімділігін есептей отыра, ұсынылған әуе бағыттарын қарастыруға дайын екендігін білдірген. «SCAT» әуе компаниясы 2016 жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде Оралдан Мәскеу және Самара қалаларына халықаралық рейстерді ашуды жоспарламайды. Дегенмен, басқарма бұл мәселер бойынша да жұмыстана береді», деді Қ.Меңеев.

Соңғы жаңалықтар