БҚО-да жолды су шайып кеткендіктен, бірнеше ауылмен қатынас үзілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында жолды су шайып кеткендіктен, бірнеше ауылмен қатынас үзілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қардың тез еруі салдарынан Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай жолының бірнеше жерінен еріген су жайылып, ернеуінен асып кетті.

Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Жолды қалпына келтіру жұмыстары еріген су азайғаннан кейін жүргізілетін болады.

«Қазіргі уақытта ол ауылдармен қатынас жоқ. Ауру адамдар, жүкті әйелдер қауіпсіз жерге жеткізілді. Ауылдарда азық-түлік жеткілікті. Мал азығынан да тапшылық жоқ. Бір-екі күнге шыдайды деп ойлаймыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауыл мектебіне су кіргенін, тасқын судың өткелді шайып кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ су кірген 25 үйдің адамдары басқа жаққа көшірілді.

БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, ведомствода көктемгі су тасқынына байланысты жедел штаб жұмыс жасап жатыр. Жедел желі нөмірі – 8-711-2-55-40-88.


Соңғы жаңалықтар