БҚО-да ЖРВИ-мен ауырған оқушылар саны 2 мыңға жуықтады

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы 1 қазаннан бастап 47 464 адамның жіті респираторлық вирусты инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанғаны тіркелді.

тұмау
Фото: Pixabay

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, бірдей деңгейде.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, ауырғандардың 33 543-і – 14 жасқа дейінгі балалар, соның ішінде 557-сі – 1 жасқа дейінгілер. Сондай-ақ 118 жүкті әйел, облыстың 156 мектебінен 1 898 оқушы тіркелген.

– Тәрбие және білім беру ұйымдарында ауырғандар саны барлық оқушылар санының 30 пайызынан асып кетсе, оқу процесі уақытша тоқтатылады. Қазіргі уақытта 30 пайыздан астам оқушысы сырқаттанған мектептер жоқ, – дейді Н.Мұстаев.

Оның айтуынша, эпидемиологиялық кезең басталғаннан бері тұмаудың А типінің H1N1 түріне 36 адамның шалдыққаны тіркелсе, соның екеуі – жүкті әйел. Сонымен қатар 4 жасқа дейінгілер – 13, 4-15 жастағылар – 13, ересектер – 10. 

Тұмау тәріздес емес вирустардан аденовирус, риновирус, боковирус, парагрипп, пандемиялық емес коронавирус анықталды. 

– Күні бүгінге дейін облыстың 69 466 тұрғыны тұмауға қарсы екпемен қамтылса, соның 3 087-сі – созылмалы ауруы бар балалар және 21 067-сі – ересектер, 7 947-сі – медицина қызметкері, 1 038-і – жүкті әйелдер, 455-і – оқушылар. 1 466 адам жұмыс берушінің есебінен вакцина алды, – деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл тұрғынынан сібір жарасы анықталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар