БҚО-да ЖРВИ-мен сырқаттанушылық төмендеді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері 19 540 адамның ЖРВИ-ға шалдыққаны тіркелді.

врачи
Фото: Астана әкімдігі

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлдана Керееваның мәлім еткеніндей, соның ішінде 13 786-сы – 14 жасқа дейінгі балалар. 513-і – 1 жасқа толмағандар. Оған қоса 26 жүкті әйел ауырған.

Гүлдана Қайыржанқызының сөзіне қарағанда, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ бойынша сырқаттанушылық төмендеді.

- Қазіргі таңда облыста 50 адамның тұмаумен ауырғаны тіркелді. Олардың бәрі де зертханалық түрде расталды. Тұмау ауруы мен жедел респираторлық вирустық инфекцияларының эпидемиялық маусымы басталуына байланысты өңірде 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы екпе жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша егілгендер саны – 66 441 адам, немесе 97,7 пайыз, - дейді Г.Кереева.

Оның айтуынша, екпе алғандардың 6 244-і – балалар, 6 908-і – медицина қызметкерлері, 756-сы – жүкті әйелдер, 60 191-і – ересектер.

Маманның пайымдауынша, тұмауға қарсы вакцинация – аурудың және оның асқынуларының алдын алудың тиімді жолы. Сондай-ақ қолды сабынмен жиі жуып, антисептик қолданған жөн. Адам көп жиналатын және қоғамдық орындарда маска қолдануға кеңес беріледі. Үй-жай мен жұмыс орындарын үнемі желдетіп, ылғалды тазалау жүргізу маңызды. Науқас адамдармен байланыстан аулақ болып, қажетсіз қарым-қатынасты шектеп, жеке гигиена заттарын ортақ пайдаланбау керек.

- Салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, жеткілікті ұйықтау және дене белсенділігін сақтау артықтық етпейді. Ауру белгілері байқалса, үйде болу қажет. Дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауруы немесе мұрыннан су ағу белгілері пайда болса, дәрігерге жүгінген дұрыс, - деп қосты Г.Кереева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көкжөтелмен ауырған балалардың 89 пайызы екпе алмағанын жазған едік.