15:50, 15 Қараша 2011 | GMT +5
БҚО-да «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сәйкес адамдар тұруға қолайлы аймақтарға орналасатын болады
АЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-да «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сәйкес адамдар экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден тұруға қолайлы аймақтарға орналасатын болады.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім бастығы Гүлнәр Ахмедиярованың сөзіне қарағанда, бағдарламаның бұл бағытын жүзеге асыруға өңірге 294 млн. теңге бөлінген. Осы қаржыға Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында 60 тұрғын үй салынуда. Бұл үйлер алдағы желтоқсан айында пайдалануға берілмекші.
Таяуда ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде қаралған ведомствоаралық комиссия қорытындысына сәйкес облыста 73 елді мекен қолайсыз аймаққа жатқызылған. Осы ауылдардағы табысы тұтыну қоржынынан төмен отбасылар Бөрлі ауылынан жаңа үй алатын болады.