БҚО-да жыл басынан бері 260 млн. теңге жалақы берешегі өтелді (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тиісті шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері 270 мекеме-кәсіпорында 2339 қызметкерге 260 млн. теңге еңбекақы берешегі өтелді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен БҚО әкімдігі жанындағы дағдарысқа қарсы штаб отырысында мәлім етілді.
None
None

Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жанат Асантаевтың айтуынша, жалақыны уақтылы төлемеуге қатысты анықталған 70 заңбұзушылық дерегі бойында жұмыс берушілерге 6,3 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Еңбекақы берешегін өтеуге қатысты бұрын берілген ұйғарымдардың орындалмауына байланысты жоспардан тыс қайтадан 14 тексеріс өткізіліп, соның нәтижесінде сот шешімдерімен 10 жұмыс берушіге 2,3 млн. теңге айыппұл салынды. Өткен қыркүйек айында «СПМК-123» ЖШС-ның 58 қызметкерге 4,7 млн. теңге жалақыдан берешек болып отырғаны тіркелген. Сонымен қатар еңбек инспекциясы 6 кәсіпорынның 243 қызметкерге 37,236 млн. теңге қарыздар екендігін анықтады. Қазіргі таңда осы кәсіпорындар бойынша жалақы берешегін өтеу жұмыстары жүргізілуде.

Отырыста облыстық әділет департаментінің басшысы Әсия Мұхитованың баян еткеніндей, биыл сот орындаушыларына жұмысшы-қызметкерлерге қарыз көлемі 170 млн. астам теңгені құрайтын 144 құжат түссе, соның 126-сы (130 млн. теңге) орындалған. Сондай-ақ жұмысшылар есебіне 86,8 млн. теңге өндірілген. Қазір өндірісте 13 кәсіпорынға қатысты 14 құжат (37 млн. теңге) қалса, соның 9 млн. теңгесі «Кроун Батыс» ЖШС-ына тиесілі. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрболат Абдуловтың сөзіне қарағанда, биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша өңірдегі жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешегі 55,9 млн. теңгені құрап, бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштен 2,1 млн. теңгеге кеміген. Ал әлеуметтік төлемдер бойынша қарыз 3,4 млн. теңгеге көбейіп, 22,6 млн. теңгеге жетіп отыр. 365 жұмыс беруші зейнетақы заңдылығын бұзғаны үшін, 359 жұмыс беруші әлеуметтік төлемдер берешегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыста 150 кәсіпорын банкроттық, оған қоса 12 кәсіпорын оңалту үрдістерінен өткізілуде. 150 банкроттық кәсіпорынның 9-ының және оңалтудан өтіп жатқан бір кәсіпорынның жалақы берешегі 198,295 млн. теңгені құрайды. 9 банкроттық кәсіпорынның төртеуінің 29,4 млн. астам еңбекақы қарызы толықтай өтелген. Жиын қорытындысында қазіргідей кезеңде жұмыс орындарының қысқартылуына, сондай-ақ жалақы берешегі, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер қарызының қордалануына жол бермеу қажеттілігі айтылып, департамен-басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Соңғы жаңалықтар