БҚО-да жыл басынан бері мыңға жуық мал ұрланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда 997 мал ұрланды.
None
None

БҚО ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жедел іздестіру шаралары барысында соның 454-і ғана мал иелеріне қайтарылды. Жалпы, бұл жағдай малдың бағусыз жүретіндігін көрсетеді. Атап айтқанда, 864 бас мал қараусыз далада қалғандықтан, қолды болса, 113 бас малды ұрылар қорадан «айдап» кеткен.

Өңірде «Шеп» («Рубеж») жүйесінің төрт бірдей жүйесі жұмыс жасайды, соның нәтижесінде мал мен оның өнімдерін тасымалдаумен айналысатын 1846 тұлға анықталды. Соның ішінде заңсыз тасымалдаудың 41 дерегі тіркеліп, 12 мал ұрлығына қатысы бар үш қылмыстық топтың жолы кесілді.

Мал ұрлығының ашылмауына ол туралы полицияға кеш хабарлануы әсер етеді. Сондай-ақ тұрғындар сақтық шараларын алдын ала ойластырып, өз малдарын көзден таса қалдырмауы тиіс. Ол үшін малға GPS-треккер орнатудың маңызы зор. Қазіргі таңда өңірде мал иелері қондырған бар болғаны 37 GPS-треккердің көмегімен 1112 жылқы немесе осы түліктің 0,93 пайызы ғана «бағылуда». Бұл, әрине, аз. Егер GPS-треккер қойылса, иелері өз малының қайда жүргенін, әсіресе, шекаралас жерлерде Ресей аумағына шығып кетпеуін қадағалап отырар еді.

Соңғы жаңалықтар