БҚО-дағы Чинарев кенішінде жыл аяғында газды кешенді дайындау қондырғысы пайдалануға берілетін болады

ОРАЛ. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мұнайгаз саласы инфрақұрылымын дамыту - Елбасы қойып отырған маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда «Жайықмұнай» ЖШС Чинарев мұнайгазконденсаты кенішінде жыл аяғында газды кешенді дайындау қондырғысын пайдалануға беруді көздеп отыр,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жоба жүзеге асқан кезде өңір арзан табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Аталмыш кен орнының қоры - 49 млрд. текше метр газ бен 35 млн. тонна мұнай. 2008 жылы қолға алынған газды кешенді дайындау қондырғысы кеніштегі шикізатты «Экстрон» компаниясының американдық бірегей технологиясы бойынша өңдеуге мүмкіндік береді.

Жобаның инвесторы «Жайықмұнай» ЖШС болса, жұмысты «КазСтройСервис» компаниясы жүргізуде. Құрылыстың жалпы құны - 28 млрд. теңге. Мердігерлердің сөзіне қарағанда, осы айдың аяғында барлық нысандарды механикалық комплектілеу ісі бітеді. Содан кейін американдық өндірушілермен бірге іске қосу жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі кезде жұмысқа мыңнан астам адам тартылған. Нысан іске қосылғанда, 150 адам еңбекпен қамтылады. Аталмыш қондырғы жылына 1,5 млрд. текше метр тауарлы газ бен 140 мың тонна сұйытылған газды өндіре алады. 2012 жылы толық іске қосылғанда, өнім көлемі екі есе артады. Бұл табиғи газбен ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығаруға да мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар