БҚО-дағы іргелі кәсіпорындардың бірі - Орал механикалық зауыты тәуелсіздік тойына лайықты тартулармен келіп отыр

АЛ. 30 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Сексен жылға жуық тарихы бар Орал механикалық зауыты тәуелсіздік тойына лайықты тартулармен келіп отыр.
None
None

Зауыт нарықтық қатынастар тұсында өз тірлігімен күнелтудің қыр-сырын меңгеріп, өндірістік және коммерциялық қызметтерді кеңінен жүргізуге көшті. Зауыт кеңестік заманнан-ақ "Т-4" және "Беларусь" тракторларына иінді білік, шатунь шығаруға маманданған бағытын сақтап қалды. Ол бүгінде бұрынғы ТМД аумағындағы қосалқы бөлшектер шығаратын екінші кәсіпорын саналады. Бұрыннан ауыл шаруашылығы техникасы бөлшектерінің 70-80 пайызын өндіретін өндіріс ошағының әлеуеті, мамандарының біліктілігі еш уақытта жоғары деңгейден түскен емес. Осындай артықшылықтарға ие кәсіпорын заман ағымына сай жаңа өнім түрлерін шығаруға бек қабілетті. Тек соңғы үш жыл ішінде мұнайгаз кәсіпшілігі өндірісі мен бұрғылау құрал-жабдығын жөндеу жұмыстарын, оған қоса олардың кейбір қосалқы бөлшектерін шығаруды игерді. Мұнайгаз саласына бет бұру өндірістік негізгі қорларды қайта құру, жаңа технологияны өндіріске енгізу негізінде жүзеге асты. Мүлдем жаңа жабдықтар сатып алынып, орнатылды және ескі жабдықтарды жетілдіру жұмыстары негізінде жүргізілді. Механоөңдеуші, термикалық және жинақтау өндірістері іске жұмылды. Арматуралық материалдар жоғары атмосфералық қысымда сыналады. Соған орай зауытта Ресейдің алдыңғы қатарлы өндірісшісінен 1350 атмосфералық қысымда сынайтын құрылғы сатып алынып, орнатылған. Бұрынғы өндірістік базаның мүмкіншілігін пайдалана отырып, аспапты-жөндеу базасының негізінде жаңа өндіріс ашылды. Мемлекет басшысы қазақстандық үлесті дамыту жұмыстарына мән беріп, экономиканы одан әрі диверсификациялау жоспарының осыған байланыстылығын айтқан болатын. Сондықтан Қазақстан аумағындағы мұнайгаз саласындағы компаниялардан тапсырыстар молайып жатса, кәсіпорынның оларды уақтылы әрі сапалы орындай алары хақ. Бұған дәлел ретінде биылғы өнім өндіру көлемінің өткен жылғыдан бір жарым есеге өскендігін айтуға болады. Зауыттың дәстүрлі өнімдерінің бірі иінді білікті шығару ісі қарқынға ие. Әлемдік экономикадағы дағдарыс жылдарының өзінде, мұнда иінді білікті өндіру қарқыны жоғары көрсеткіштен түспеді. 2008 жылы бес пайызға, одан кейінгі жылы жеті пайызға, 2010 жылы тоғыз пайызға, биыл 20 пайызға өсті.

Елімізде құрылыс жұмыстары қарқын алып, құрылыс саласы экономиканың қозғаушы тетігіне айналған тұста құрылыс материалдары мен бұйымдарын шығару қолға алынды. Қазіргі уақытта зауытта қабырғалық кірпіш, тақтатас түрлері, жол жиегіне арналған тас түрлері шығарылуда. Жоғары технологиялық финдік жаңа желі орнатылып, мырышталған, ұзындығы 2-12 метрге жететін НС-44, С-21, С-10 қабырғалық, қаптама, төбе жабын материалдарының үш түрін өндіру іске асты. Облыс қажетін өтеуге жұмсалатын тротуар плитасын өндіру және сату жұмыстары экономикалық дағдарыс жылдарының өзінде, яғни 2008 жылы үш есеге өсті. Плита өнімі халықаралық ИСО 9001 және қазақстандық kz сапа жүйесі сертификаттарына ие. Жаңа құрал-жабдық сатып алынып, пластикалық терезе, есік өндірісі іске қосылды.

«Орал механикалық зауыты» ЖШС негізгі өнімдерінің 80 пайызы экспортқа бағытталған. Сыртқы экономикалық байланыс, өнім өткізу жағырапиясы тек Ресей, Беларусьпен шектелмейді, сонымен қатар Вьетнам, Египет, Пәкістан және өзге де елдермен нық орнаған. Ол өз өнімдерімен еліміздің батыс өңірін қамтиды. Мұнайгаз саласындағы компаниялармен іскерлік байланыс нығайып келеді. Олар жабдықтарды жөндеуге тұрақты жіберуде. Бұрын қолданыста болған жабдықтарды жөндеп, қайта іске қосуда түйінді мәселе жоқ. Жұмысшылар жабдықты жөндеп қана қоймайды, кейбір қосалқы бөлшектерін жаңадан жасап, қондырып жібереді. Бұдан басқа зауыт стандартты емес жабдықтарды шығарады. Оның ішінде су шаруашылығы саласынан тапсырыстар мол. Облыстағы және Атыраудағы сушылардан, коммуналдық қызмет саласындағылардан тапсырыстар тұрақты қабылданады. 2010 жылы өнім өндіру көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 137,4 пайызды құраса, биылғы 10 айдың ішінде ол 109,8 пайыз болды. Болжам бойынша биылғы жылдың соңында өнім өндіру көлемі 115-116 пайыз шамасында болады деп күтілуде. 2010 жылы еңбек өнімділігінің өсімі 129,7 пайыз, биыл ол 127,4 пайыз болмақ деп күтілуде. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы өнім өндіру қарқыны жоғары деңгейде. Иінді білік бойынша 2010 жылға қарағанда биылғы 10 айда 118,9 пайызды құраған. Мұнайгаз жабдықтарын өндіру бойынша 2011 жылғы он айда өткен жылғы осы мерзімдегіден бір жарым есеге өскен.

Ұжымдағы жұмысшылардың орташа жалақысы соңғы мәлімет бойынша 63 мың 818 теңгені құрады.

«Орал механикалық зауыты» ЖШС директорының орынбасары Анатолий Смирновтың айтуынша, иінді білікті бүгінде тек Минск мотор зауыты ғана емес, өзге де компаниялар шығаруға кірісті. Мұнайгаз жабдықтарын жөндейтін кәсіпорындар Атырауда, Ақтауда жұмыс істейді. Сондықтан білікті басшы Есен Байшекенов басқарып келе жатқан зауыт ұстанып отырған басты стратегия өнім сапасы, келісімшарттардың мерзімінде орындалуы және өнім сапасына кепілдіктің берілуі болып отыр. Өйткені жоғары технологиялы жабдықтар мен білікті кадрлар өнім түрлерін молайтуға, өндіріс қарқынын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, зауыт биыл жылдың аяғына таман мәскеулік «Систром» фирмасының технологиясы негізінде бетонды мәрмәр өндірісін жолға қоймақ. Бетонды мәрмәр тасының 15-20 шақты түрі шығарылады деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар