БҚО-дағы тәртіптік кеңес қос бірдей басшыға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беруді ұсынды
Бөкей ордасы ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзған. Атап айтқанда, тауар сатып алуға келісімшарт жасалғанда, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптары қолданылмаған. Сондай-ақ бөлімде қызметкерлерді іссапарға жіберу кезінде бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған. Жәнібек ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Абзал Қаратаев бруцеллез ауруына байланысты тұрғындардың өтініштерін қарауда ала-құлалыққа жол берген. Сөйтіп «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заң талаптары бұзылған.
Тәртіптік кеңес талқылай келе аталған қызметкерлерге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру туралы ұсыныс жасады.
Кеңес төрағасы Нұрлан Сүйінбаев ең алдымен мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу бағытында өңірде тиісті жұмыстар атқарылуы қажеттігін атап көрсетті.