16:08, 08 Қараша 2013 | GMT +5
БҚО-дағы тәртіптік кеңес қос бірдей мемқызметкерге тәртіптік шара қолдану жөнінде ұсыныс жасады.
ОРАЛ. 8 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің 8 қараша күнгі отырысында қос бірдей мемлекеттік қызметкердің тәртіптік ісі қаралды.

Отырыста алдымен Орал қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы Махамбет Батырғалиевтің есебі тыңдалды. Тәртіптік кеңес құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі облыстық басқармамен бірлесіп жүргізген тексеріс кезінде аталмыш бөлімде бірқатар кемшіліктердің орын алып келгені анықталған. Әсіресе, азаматтардың арыз-шағымдарын қарау кезінде заңбұзушылықтарға жол берілген. Отырыста бөлім қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтіп, алдағы уақытта мұндай олқылыққа тосқауыл қою қажеттігі атап көрсетіліп, тиісті ұсыныс жасалды. Зеленов аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Арман Жұмабековтің ісі де жер мәселесіне қатысты болды. А.Жұмабеков жер телімін сұраған ауыл тұрғынының бірден меселін қайтарып, оның құқығы мен заңды мүддесін жүзеге асыруына кедергі жасаған. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңын бұзғаны үшін бөлім басшысына тәртіптік жаза қолдану Зеленов ауданы әкіміне ұсынылды. Мемлекеттік ұйымдардың (мектептердің) қызметіне заңсыз араласып, жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға кедергі жасағаны, сонымен қатар екінші біреулерге заңсыз артықшылық көрсеткені үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңына сәйкес Орал қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Серік Сафиуллин де тиісті тәртіптік жазаға тартылатын болады.