БҚО-дағы тәртіптік кеңес отырысында басқарма бастығының есебі тыңдалды
Отырыста аталып өтілгеніндей, басқармада заңнамаларды сақтау барысында бірқатар кемшіліктер орын алған. Атап айтқанда, «Жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау тәртібі туралы» ҚР Заңының, Елбасы Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестациядан өткізу ережесінің» талаптары бұзылған. Мәселен, басқарма бастығының бұйрығымен тәртіптік комиссияның құрамы үш адамның орнына 5 мүшеден құралған. Сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңы 9-бабы 2-тармағы сақталмай, қызметкердің лауазымдық нұсқаулығы бекітілмеген. Сол секілді баласы үш жасқа толғанға дейін қызметкердің жұмыс орны сақталуы тиіс болса да, бас маман (заңгер) лауазымы қысқартылып кеткен.
Тәртіптік кеңес басқарма бастығына аталған кемшіліктерді жою жөнінде тиісті шаралар алуды тапсырды.
Кеңес отырысында «№3 монша» ЖШС директоры Құрманғали Қарашевтің тәртіптік ісі қаралды. Орал қаласы прокуратурасы жүргізген тексеру барысында мәлім болғанындай, директор қызмет бабын пайдаланып, өз қызын заңгерлік жұмысқа алған. Сөйтіп жеке тұлғаға заңсыз артықшылық көрсеткен. Осыған дейін бұл қызметті атқарған Ж.Сердәлиевті заңсыз қызметінен босатқан. Сот шешімімен директордың бұйрығы заңсыз деп танылып, ол қайтадан жұмысына орналасқан. Тәртіптік кеңес жан-жақты талқылай келе, Қ.Қарашевке қатаң сөгіс беру туралы Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің бастығына ұсыныс жасады.