БҚО-дағы тәртіптік кеңес төрт бірдей қызметкерге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беруді ұсынды
Тұрғындар арызына сәйкес тәртіптік кеңестің жоспардан тыс тексерісі кезінде анықталғанындай, Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінде тәртіптік шаралар дұрыс қолданылмаған немесе мерзімінен бұрын алынған. Сонымен қатар тұрғындардың арыз-шағымдарына уақтылы жауап берілмеген. Осыған орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңы 12-бабы 1-тармағы 10-тармақшасының талаптарын бұзғаны үшін бөлім басшысы Салауат Нұрпейісов, бас маман Ержан Махмет және "Демалыс орталығы» МКҚК директорының міндетін уақытша атқарушы Серік Тоқмамбетовке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру жөнінде ұсыныс жасалды.
Қаратөбе ауданы прокуратурасының мәліметіне қарағанда, Берік Нұрмағамбетов басшылық ететін аудандық экономика және қаржы бөлімі ауылға қызметке келген 20 жас маманның өтініштерін уақтылы журналға тіркемей, дер кезінде комиссияға қарауға жолдамай, оларды сергелдеңге салып қойған. Б.Нұрмағамбетовке де қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру ұсынылды.
Кеңес отырысында Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Төлеген Төреғалиев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық білім беру бөлімінің басшылары Арман Баяндықов, Мақсот Бижановтың есептері тыңдалып, кемшіліктерді жібермеу, соның ішінде шағымдарға екі шоқып, бір қарау қажеттігі атап көрсетілді.