08:14, 29 Мамыр 2013 | GMT +5
БҚО-дан 20 жас дарын республикалық Дельфийлік ойындарға қатысады
ОРАЛ. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Шілде айында Астана қаласында өтетін ІХ ұлттық Дельфийлік ойындарға Батыс Қазақстан облысынан 20 жас дарын қатысады.

Бұл облыстық білім басқармасы мен «Өркен» қосымша білім беру орталығы өткізген іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша белгілі болды. Аталмыш байқауға облыстың түкпір-түкпірінен екі жүздей үміткер қатысып, олар скрипка мен фортепиано, домбыра мен қобыз, академиялық және халықтық ән, бейнелеу өнері сынды 11 аталым бойынша сынға түсті.
Дарынды жастарды анықтау мақсатында Дельфийлік ойындар Қазақстанда 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның қорытындысы бойынша ел құрамасы анықталып, ол ТМД елдерінің Дельфийлік ойындарына барады. Дельфийлік ойындар өнердің барлық түрінен 42 аталым бойынша ұйымдастырылады. Байқау жас ерекшеліктеріне қарай бөлінеді.