19:32, 06 Қараша 2013 | GMT +5
БҚО-дан жастардың кезекті легі әскерге аттанды
ОРАЛ. 6 қараша. ҚазАқпарат - БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінде әскерге шақырылған 60 жасты шығарып салу рәсімі болды.

Бұл - болашақ сарбаздардың кезекті легі. Биылғы күз бен қыста облыс бойынша барлығы 800 жас әскер қатарын толықтырмақшы. Аталмыш шарада Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Альберт Жакьяев, ҚР Қарулы күштері ардагерлері облыстық филиалының төрағасы, генерал-майор Хайретдин Рысқалиев, Ауған соғысының ардагері, полковник Сергей Пунгин, БҚО ТЖД басшысы, полковник Қадыр Бейсембаев әскерге аттанып бара жатқандарға сәт сапар тіледі. Әскер қатарына шақырылушылардың бәрі де жоғары білімді. Олар алдымен еліміздің Қорғаныс министрлігінің «Отар» әскери оқу орталығында алты ай бойына әскер ісіне шыңдалып, құрлық әскерлері сапында мотоатқыш, механик-жүргізуші мамандығын меңгеріп шықпақ. Аталмыш шара барысында ТЖД басшысы Қадыр Бисембаев биыл ҚР Қорғаныс министрлігінің «Отар» әскери оқу орталығында болып, әскери борышын абыроймен өтеп келген 12 сарбазды еліміз аймақтарында орын алған төтенше жағдайлар кезінде ерлік көрсеткені үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің сый-сияпатымен марапаттады.