БҚО денсаулық сақтау басқармасы жылды қорытындылады

Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен салада елеулі табыстарға қол жеткізілгенін атап өтіп, жаңа жылда да осы қарқыннан таймауға тілектестігін білдірді.
Басқарма басшысы Қамидолла Ирменов денсаулық сақтау саласында соңғы кезде атқарылған жұмыстарға, алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталды. Облыста кадр жетіспеушілігі барынша қысқарып келеді. Айталық, биыл өңірге 126 жас маман келсе, оның 62-сі ауылға жіберілді. Барлығына 70 АЕК көлемінде көтермеақы төленіп, 35-і қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді. Дәрігерлер қатарын толықтыру, олардың біліктілігін арттыру ісі алдағы жылы да жалғасатын болады.
Жиын барысында сала үздіктеріне «ҚР денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері, Денсаулық сақтау министрлігінің құрмет грамоталары мен алғысхаттары табыс етілді.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасы Жарлығымен Сырым аудандық орталық ауруханасының акушер-гинекологы Роза Есенғалиева мен БҚО клиникалық ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Виктор Ширяев «Шапағат» медалімен марапатталған болатын. Оларға да құрмет көрсетілді.