БҚО денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы 7,8 млн теңге пара алғаны үшін сотталды

БҚО сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Орал қалалық сотының үкімімен Б.Қаюпов пара алғаны үшін (ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігі), сондай-ақ Серік Тұралиев пен Айдос Себепов пара алуда делдалдық жасағаны үшін (ҚК 28-бабы 5-бөлігі, 366-бабы 2-бөлігі) айыпты деп танылды.
Сот үкімімен Б.Қаюпов - 4 жыл 6 ай, Серік Тұралиев пен Айдос Себепов әрқайсысы 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Олар жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Оған қоса Б.Қаюпов мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот Б.Қаюповтың өзінің қызметкері А.Себепов пен танысы С.Тұралиев арқылы ЖШС директорынан жалпы сомасы 78 284 880 теңгеге медициналық жабдық жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы шартқа кедергісіз қол қойғаны үшін 7,8 млн теңге пара алғанын, орындалған жұмыстар актісі мен жабдықты қабылдап алғанын анықтады.
Сотқа дейінгі тергеу барысында Б.Қаюповтан 330 мың теңге, А.Себеповтан 1 млн 60 мың теңге, С.Тұралиевтан 4,3 млн теңге тәркіленді.
Сот талқылауы барысында Б.Қаюпов 1 млн 670 мың теңге, С.Тұралиев 440 мың теңгені қайтарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО денсаулық сақтау басқармасы бұрынғы басшысының ісі сотқа берілгенін жазған болатынбыз.