БҚО: дін мен дәстүр сабақтастығының ел бірлігін сақтаудағы маңызы зор (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазіргідей әлемде күрделі жағдай орын алып отырған мезгілде дін мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, халық бірлігін нығайта түсудің маңызы зор. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 жыл: дін, дәстүр және халық бірлігі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
None
None

БҚО дін істері басқармасы мен Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы бірлесіп ұйымдастырған конференцияның пленарлық мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, Елбасымыздың ел бірлігін нығайтуға бағытталған сарабдал саясаты өз жемісін беріп келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен ТМД елдерінде бірінші болып Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, барлық ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп отырған бірегей ұйымға айналды. Соңғы кезде елдің қоғамдық-саяси өміріндегі Ассамблеяның орны одан сайын арта түсуде. Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да Ассамблеяның Мәңгілік елге барар жолдағы рөлі атап өтілді. Ең бастысы, ұлтаралық келісімге жетер ештеңе жоқ. Ассамблея дінаралық татулыққа да ерекше мән беріп, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысуда.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтің айтуынша, елімізде 18 конфессияны құрайтын 3563 діни бірлестіктер қызмет етуде. Осы ретте Ассамблея ұлтына, дүниетанымы мен діни-наным сенімінің әртүрлігіне қарамастан, барша халықты біріктіруші құрылымға айналып отыр.

Жиында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» директорының орынбасары Жорабек Дәуренов, философия және теология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Кенжетай Досай, ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, белгілі теолог Арман Қуанышбаев, Ақтөбеден келген «Аңсар» кеңес беру-оңалту орталығының директоры Асқар Сабдин, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов және басқалар өз ой-толғамдарымен, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Конференция барысында дін мен конфессияаралық келісім тақырыбында әдебиеттер мен басылымдардың көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар «Дінаралық татулықты, халық бірлігін қамтамасыз етудегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» және «Діни экстремизмнің алдын алу мәселелері және террористік ұйымдардың идеологиясына қарсы тұрудың әдістері» атты секциялық отырыстарда өзара пікір алысты.

Соңғы жаңалықтар