БҚО: Дүнген ұлтының өкілдері де өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді

Дүнген этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Хабиба Абдуллаеваның айтуынша, дүнген ұлтының өкілдері де елдегі бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылықты сақтауға үлесін қосумен бірге, өздерінің ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға атсалысуда.
Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақовтың сөзіне қарағанда, өңірде дүнгендер сан жағынан көп емес. Соған қарамастан, ассамблея ұйымдастыратын шаралардың бәріне қатысуда. Биыл ҚХА жылы аясында көптеген шаралар атқарылды, соның ішінде әр этнобірлестіктің мәдени күндері өткізілуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атап өткеніндей, Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің еліміздегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудегі рөлі жыл санап артып келеді. Сондықтан алдағы уақытта да атқарылар іс аз емес.
Шара барысында дүнген халқының тарихы мен тағдыры туралы бейнефильм көрсетіліп, дүнген этномәдени бірлестігінің бұрынғы жетекшісі, марқұм Әдуманап Кәримовтің осы орталықты алға бастыруда біраз істі тындырып кеткені атап өтілді.
Мәдениет күнінде дүнген халқының әндері шырқалып, билеріне де кезек берілді.