БҚО-ға келген Мәжіліс депутаттары шекарашылар өмірімен танысуда

ОРАЛ. 12 қазан. ҚазАқпарат -  Батыс Қазақстан облысына келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары шекара қызметі нысандарында болып, ел шебін күзеткен сақшылардың тыныс-тіршілігімен танысуда.
None
None

Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс пен қауіпсіздік бойынша комитеттің бас кеңесшісі Айша Шырынбекова, осы комитет мүшесі депутат Еркін Шпанов, әлеуметтік ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2029 әскери бөлімінің «Орал» шекара заставасында болды.

-Мәжіліс депутаттарынан құралған 5 топ елдің әр аймағындағы шекара қызметінің жай-күйімен танысуға шықтық. Соңғы кезде ел шетінде келеңсіз жайттар орын ала бастағасын, шекарашылардың жағдайымен толыққанды танысуды ниет еттік. Олардың тұрмыс жағдайын, қызметтеріндегі хал-ахуалды өз көзімізбен көріп, аталмыш сала нені қажет ететіндігін саралап, жуырда қабылданатын шекара қызметі жайлы заңға ұсыныстар әзірлемекпіз. Елдің қауіпсіздігі, тыныштық ең басты орында тұру керек. Ал тыныштық, тұрақтылық болу үшін шекарашыларды жұмысынан басқа нәрсе алаңдатпайтындай болуға тиіс, - деді депутат Еркін Шпанов.

«Орал» шекара заставасында шекарадан өткен адамдар мен техниканы тексеретін «Шаған» шекара бақылау бөлімшесі орналасқан. Бұл заставаның ғимараты, қызметкерлердің жарақтандырылуы барлық талаптарға сай. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің арасында Кедендік одақ құрылғаннан кейін аталған елдер арасында кедендік бақылау жойылғаны баршаға мәлім. Сөйтіп кеденшілер мен шекарашылардың, мал дәрігерлері мен санэпидқадағалау қызметкерлерінің, сондай-ақ көлік инспекциясы өкілдерінің мұқият тексеруінен өтетін жолаушылар енді тек шекарашылардың қатаң қадағалауына қалдырылып, заставадағы аталған бақылау органдарының бөлмелері босап қалды. Шекарашылар сәулеті келіскен кең ғимараттың босаған бөлмелерінің барлығын тиімді пайдаланып отыр. Депутаттар заставаның қоймасындағы әскерилердің киім-кешектерін, жарақтарын, азық-түліктерін көріп, тұрмыстық бөлмелеріне, асханаларына да бас сұқты. Теориялық дайындық, мемлекеттік тіл сыныптарындағы оқу құралдарына, газет тігінділеріне назар салды. Бөлмелердің бірінен тіпті ұлттық киімдерді, музыкалық аспаптарды, шахмат, дойбыларды да көруге болады. Байланысшылар отырған орындарды, шекарадан өткен жолаушылар мен техникаларды тексеретін құрал-жабдықтарды, қызмет көліктерін де көріп, мәліметтерді қағазға түртіп шыққан халық қалаулылары завтаваның жай-күйі көңілдерінен шыққанын жасырмады. Шекарадан өтіп бара жатқан жолаушыларды да тілге тартып, бұл жердегі қызмет көрсету сапасын сұрады.

-Біздің аймақтағы шекарашыларды алаңдататын мәселе - баспана. Былтыр Оралда 60 қызметкер жаңадан салынған пәтер кілтіне ие болса, әлі өңір бойынша 1200-дей баспанаға мұқтаж қызметкер бар. Әсіресе, шалғайдағы шекара қызметіндегілерге үй табу қиын, - деді ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Батыс» өңірлік басқармасы бастығы, генерал-майор Абдыразақ Ілиясов.

2029-әскери бөлімнің командирі, подполковник Иван Кривенцовтың айтуынша, шекара бекеттеріне радиотосқауылдар, радио қадағалау құрылғылары әлі де керек-ақ. Шекара бұзылса, кезекшіге белгі беретін бұл құралдар әр 7-8 шақырым сайын қойылуы қажет екен. Мұны есепке алған депутаттар шекара саласына психолог мамандардың да қажеттілігін айтты.

Халық қалаулылары шекарашылардың тұрғын үйлеріне бас сұғып, жас отбасылардың тұрмыстарымен танысты. «Сырым» шекара бақылау бөлімшесі мен Погодаев шекара заставасында болған олар Жәнібек, Бөкей ордасы мен Қазталов аудандарындағы шекара нысандарын да аралап көрмек.

Соңғы жаңалықтар