БҚО инфекция стационарларында 440-қа жуық науқас емделіп жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 1123 төсектік 18 инфекциялық стационарда 439 адам емделіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков мәлім еткендей, соның ішінде 29 науқас жансақтау бөлімінде жатыр.

Бұлардың екеуі 50-ге дейінгілер болса, жетеуі - 50-60, 12-сі - 60-80 жас аралығындағылар, 8-і - сексеннен асқандар.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, 25 науқастың созылмалы дерті бар. Соның ішінде 22-сі жүрек-қан тамырлары аурулары, үшеуі қант диабетіне шалдыққан.

«Биыл жыл басынан бері коронавирустан 155, соның ішінде қаңтарда - 28, ақпанда - 15, наурызда - 30, сәуірде 42, мамырда қазірдің өзінде 40 науқас дүниеден озды. Бұл соңғы үш айда қайтқандардың саны көбейіп отырғанын көрсетеді. Олардың 82-сі әйелдер болса, 73-і - ер адамдар. Марқұмдардың 93,2 пайызында (138) созылмалы дерті, атап айтқанда, 70 пайызының жүрек-қан тамырлары аурулары, 12 пайызында қант диабеті, 18 пайызында басқа сырқаты болған. Сондықтан тұрғындардан карантиндік шараларды бұлжытпай сақтап, індетке қарсы егілу қажеттігін еске саламыз», деді А.Қалибеков.

Батыс Қазақстан облысында 65546 адам вакцинаның бірінші, 27773-і екінші компонентімен егілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың тең жартысына жуығы Оралда анықталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар