БҚО ішкі істер департаментінде алты баланың анасы марапатталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Отбасы күніне орай БҚО ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасында мерекелік шара өтіп, онда қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмған қызметкерлердің жұбайларына құрмет көрсетілді.

БҚО ішкі істер департаментінде алты баланың анасы марапатталды

Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, атап айтқанда, Берікқали Қаженов, Болат Исағалиев, Айғали Алихановтың жарлары - көп балалы ана Гүлшат Қаженова, Эльвира Исағалиева, Ағайша Алихановаға «Офицердің жары» атты төсбелгі мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ алты баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған Айжол Еролеевтің зайыбы Сабираға да дәл осындай тарту жасалды.

Отбасы күнімен қатысушыларды құттықтаған БҚО ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Ақаев: «Отбасында бала тәрбиелеу өз алдына, онымен қоса тәртіп сақшысының ардақты жары бола білу - абырой. Ал ері қаза болғаннан кейін жанұяға түскен бар ауыртпалықты мойымай көтере білу үлкен ерлік дер едік. Біз қаза тапқан әріптестерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Сондықтан олардың отбасына қолұшын созу - парызымыз», - деді.

Қатысушылар атынан «Күміс алқа» иегері Сабира Еролеева департамент басшылығы мен жарының әріптестеріне ризашылығын білдіріп, оның кіші ұлы мен қызы әдемі би орындап берді. Осы шараға демеушілік көрсеткен «Батыс Капитал Лимитед» ЖШС менеджері Елена Кармееваға алғысхат тапсырылса, құрметті еңбек демалысына шыққан бес полиция қызметкері де ұмыт қалған жоқ.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

null null null