БҚО Қазақ драма театры Астана күніне «Герострат» спектаклін тарту етеді

Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ардақ Нықмұқанованың хабарлағанындай, батысқазақстандықтардың бұл шараға арнайы шақырылуының мәні бар. 2012 жылы Қостанайда Ілияс Омаровтың 100 жылдығына орай өткен республикалық театрлар фестивалінде БҚО Қазақ драма театры «Герострат» спектаклімен жеті бірдей негізгі жүлдені жеңіп алып, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізген еді. Пьесаны ана тілімізге театр директоры Құжырғали Төлеуішев аударса, қоюшы бас режиссер Мұқанғали Томанов еді. Құрамында 27 адам бар батысқазақстандық театр бұл жолы осы спектакльді кеше Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық драма театрының сахнасында алматылық көрермендерге ұсынып, олардың да жоғары бағасын алып үлгерді. Енді алдағы жазда Астана күніне орай батысқазақстандықтар «Геростратты» елордада қоюға шақырту алып отыр.
Қазақстан театр қайраткерлері одағының 50 жылдығына орай өткен салтанатта батысқазақстандық режиссер М.Томанов «Еңлікгүл» сыйлығының номинанттары қатарынан табылып, дипломмен марапатталса, ең басты табыс - жарық беруші инженер Лилия Демесінова «Үздік жарық беруші» аталымының жеңімпазы атанды. «Еңлікгүл» сыйлығының иегерлеріне 1 млн. теңге көлемінде сыйлық берілетіні белгілі.