БҚО: ҚХА жылына орай бокстан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир мәреге жетті

Айтулы додаға Ресей, Қырғызстаннан, еліміздің Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан 255 балғын боксшы қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Нариман Төреғалиев жан-жақтан келген боксшылар мен олардың бапкерлеріне алғысын білдіріп, енді бұл жарыстың жыл сайын ұйымдастырылатынын атап өтті. Жарысқа облыстық спорт мектебінің бапкері Ернар Нұретденов бастаған төрешілер қазылық етті. Жергілікті бапкер Ерлан Хамзиннің айтуынша, шаршы алаңға шыққан ақжайықтық өрендер де ойдағыдай өнер көрсетті. Бәрінен бұрын балғындардың боксқа деген сүйіспеншілігі ұштала түсті. Жекпе-жектер қорытындысында 2005-2006 жылғылардан Т.Нұраш (22 кг., Ақжайық), Б.Қабдолла (24 кг., Қазталов), А.Тұралиев (26 кг., Орал), Д.Ишақов (28 кг., Орал), Б.Маратов (28 кг., Қазталов), А.Шайхолла (30 кг., Ақжайық), Б.Қабдолла (34 кг., Қазталов), А.Жалмұқанбет (40 кг., Ақтөбе), 2003-2004 жылғылардан Б.Ыбрайым (26 кг., Маңғыстау), Б.Естіғұлов (28 кг., Ақжайық), Х.Исаев (30 кг. Орал), Ғ.Лесбек (32 кг., Оңтүстік Қазақстан), Д.Хамзаев (32 кг., Орал), А.Хамит (34 кг., Қызылорда), Б.Нәсиболла (36 кг., Қазталов), 2001-2002 жылдары туғандардан Н.Осмоналиев (34 кг., Қырғызстан), А.Болатов (38 кг., Ақжайық), Д.Дүйсенғалиев (40 кг., Зеленов), Н.Ақбала (44 кг., Ақжайық), А.Маратов (46 кг., Ақжайық), Т.Есенгелді (48 кг., Ақжайық), Н.Рамазан (50 кг., Ақтөбе), Н.Қалдыбай (54 кг., Ақтөбе), 1999-2000 жылдары туғандардан А.Сайфуллин (40 кг., Атырау), Н.Нұриденов (42 кг., Ақжайық), А.Гонтанов (44 кг., Ресей), Б.Конбаев (50 кг., Маңғыстау), Е.Қылышбеков (57 кг., Маңғыстау) өз салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз атанды. Түрлі аталымдар бойынша да сый-сияпаттар тапсырылды. Ал ақжайықтық Армат Маратов турнирдің ең үздік боксшысы атағын иеленді.